Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық Батыр Жүкембаев (18-0, 14КО) келесі жекпе-жегінде пуэрто-рикалық Сабриэль Матиаспен (16-1, 16КО) кездесуі мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта тараптар келіссөздер жүргізіп жатыр және бұл кездесудің ықтималдығы 70% құрайды. Бұл жекпе-жек IBF-тың жартылай орта салмақтағы чемпиондық атағына міндетті үміткерді анықтайтын іріктеу болмақ.

Қазір Батыр Дүниежүзілік бокс федерациясының рейтингінде 8-ші орында, ал Матиас жетінші орында. Алғашқы екі орын бос. Бұл салмақтағы чемпиондық атақ британдық Джош Тейлорға (17-0, 13КО) тиесілі.

Батыр рингке соңғы рет өткен жылдың қаңтарында Монреалда шығып, мексикалық Рикардо Лараны (22-9, 10КО) нокаутқа жіберген еді.

Сонымен қатар, болашағынан зор үміт күттіретін өзбек Шохджахон Эргашев (19-0, 17КО) қазақстандық боксшымен жекпе-жектен бас тартқаны белгілі болды.