2020 жылғы Қазақстан Чемпионатының үздік ойыншысы, жартылай қорғаушысы және сұрмергені атанған шымкенттік «Ордабасының» ойыншысы Жоао Пауло марапатталды.

Өткен маусымның жартылай қорғаушысын анықтау үшін отандық футбол клубтардың жетекшілері, бас бапкерлері және команда капитандарының арасында арнайы сауалнама ұйымдастырылды. Респонденттердің назарына үздік бес үміткерден тұратын тізім ұсынылды. Әр респондент үш үміткерді таңдады. Бірінші орын - үш ұпай, екінші орын - екі ұпай, үшінші орын - бір ұпай. Барлық ұпайды санау арқылы сауалнама қорытындыланады. Бұл номинация бойынша жинаған ұпай сандарын қосу нәтижесінде Жоао Пауло 68 ұпайға ие болды.

«Қазақстан Чемпионатының ең үздік ойыншысы» номинациясында жеңімпазды анықтау тамыз, қыркүйек, қазан және қараша айларының қорытындысы бойынша өткізілген сауалнамаларда осы номинацияға лайықты үміткерлер жинаған ұпайларды қосу арқылы жүзеге асты. «Ордабасы» командасының көшбасшысы 62 ұпай жинап, топ жарды.

Сонымен қатар 32-жасар легионерге Қазақстан Чемпионатының үздік сұрмергенінің жүлдесі берілді. Тәжірибелі ойыншыға жүлделерді ҚКФЛ басшысы Олжас Абраев табыстады.