Бокстан Қазақстан ерлер командасы оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Кисловодск қаласына келді. Жиынға Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Ресей құрамалары да қатысады. Бапкерлер жиынғы 16 спортшыны алып келген, олардың қатарында олимпиада жолдамасын иеленген спортшылар да бар.

Olympic.kz сайтына сұхбат берген бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев жиын алдындағы және Олимпиада қарсаңындағы мақсаттармен бөлісіп, жақында аяқталған халықаралық турнирлерді сараптады.

«Кисловодск қаласына келіп, жайғастық. Біз үшін төрт күндік карантин басталды. ПТР сынағын тапсырамыз. Жаттығу Кисловодскідегі олимпиадалық базада өтеді.

Мұндағы база жоғары деңгейде, жаңа әрі үлкен. Қонақүйі, ойын алаңдары мен стадион, жеңіл атлетикалық манеж бен жабық мұз айдындары да жанында. Медициналық орталық пен спа-салон, жаттығу залы мен боксқа арналған залды да осыннан табасыз. Үлкен спорт кешеніне көз тоймайды. Ресейдің олимпиадалық құрамасы барлық спорт түрлерінен осында жаттығуда. Бұл күндері Ресей мен Өзбекстан құрамалары ада жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Олар бізден ертерек келген, әлі көрген жоқпыз.

Жиынға екі құрам алып келдік. Олимпиадаға қатысатын сегіз боксшы мен екінші нөмірлі спортшылар. Сондай-ақ, бапкерлер құрамы да тегіс осында. Жақын арада дайындық басталады. Ал жарыстарға келер болса, боксшыларымыз жақсы қырынан көрінді. Әрине, әлі жетілдіретін тұстар көп. Жыл енді басталды, алда біз қатысатын турнирлер жеткілікті. Өткен бәсекелерде жігіттердің деңгейін бір бақылап алдық. Енді Ресей мен Өзбекстан құрамаларымен спаррингтік кездесулер өткіземіз. Олар біздің негізгі қарсыластарымыз екені анық», - дейді бас бапкер.