Елордадағы «Дәулет» спорт комбинатында теннистен Қазақстан қысқы чемпионаты мәреге жетті.

Бір аптаға созылған додаға еліміздің өңірлерінен 100-ден астам спортшы қатысып, бақ сынады. Олардың арасында болашақ Қазақстан жұлдыздарымен қатар Алексей Кедрюк пен Дмитрий Макеев сынды ардагерлер де болды. Ерлер арасында жекелей сында Достанбек Ташболатов пен Григорий Ломакин бас жүлдені сарапқа салды.

Бір күн бұрын жұптық сында ел чемпионы атанған, бірін-бірі жақсы білетін қарсыластар аянып қалған жоқ. Бірінші партия барысында брейк жасаған Доштанбек сол басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:4. Екінші партияда есеп 5:5 болған мезетте доп берген теміртаулық Г.Ломакин мүлт кетті.

Мұны сәтті пайдаланған Шымкент теннисінің түлегі Д.Ташболатов матчты жеңіспен түйіндеді – 7:5. Сөйтіп ол абсолютті чемпион атанды.