«Қайрат» футбол клубы орталық шабуылшы Хосе Канте Мартинеспен келісімшартқа отырды, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы алматылық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

Хосе Канте 1990 жылы 27 қыркүйекте Сабаделлде (Испания) дүниеге келген, ол «Химнастик» клубының түлегі.

Мансабын 2009 жылы Испанияның төменгі лигасындағы клубтарда ойнаудан бастады. 2014 жылы маусымда Хосе Кипрдің AEK клубымен келісімшартқа отырды. Екі маусымды Кипрде өткізгеннен кейін, 2016 жылдың қаңтарында ол Польша чемпионатына ауысып, «Гурник Забже» және «Висла» командаларында ойнады. 2018 жылдың маусым айында ол Варшаваның «Легиясына» ауысты.

2016 жылдың қараша айында Хосе Канте Гвинея құрамасында ойнау туралы ұсынысты қабылдады. Сөйтіп, аталған құрамада 13 матчқа қатысып, 2 гол соқты.

Жалпы клубтық мансабында ол 235 матчқа қатысып, 62 гол соқты және 12 нәтижелі пас берген.

Фото fckairat.com