Нұр-Сұлтанда «2021 Qazaqstan Hockey Open» турнирі басталар алдында баспасөз конференциясы өтті.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Михайлис құрамалардың жасақталуы мен ойыншылардың іріктелуі туралы айтып берді.

- «Барыстың» негізгі ойыншылары демалып, жастар ойын алаңына көбірек шығуы мүмкін бе?

- Ойыншыларды «Барыс» пен «Номадтың» бапкерлер штабы іріктеп алды. Біз екі құраманы жасақтап, қатысуға дайын барлық жас ойыншыларды көргіміз келді. Олар ұлттық командаға кіреді деп үміттенеміз. Иә, «Барыстың» көшбасшылары демалып, плей-оффқа дайындалса деген жоспар бар. Қазақстан чемпионатындағы ойыншыларды немесе «Барыста» ойын тәжірибесі аз ойыншыларды қараймыз. Біз барлық жас ойыншыларды қарап шығу үшін екі құрама жасақтадық.

- Құрамалардың ассистенттерін, капитандарын белгіледіңіздер ме?

- Әлі анықталмады, ойыншыларымыз әлі толықтай жеткен жоқ. Әлі келетін ойыншыларды қарап, мұны ертең талқылаймыз. Жігіттер ұшып келген соң сөйлесіп, кандидатураларды талқылаймыз.

- Турнирде жастар көбірек ойнап, «Барыстың» негізгі ойыншылары плей-оффтың алдында демалуға мүмкіндік ала ма?

- «Барыстың» негізгі ойыншылары, команда көшбасшылары демалып, чемпионаттың плей-офф кезеңі мен финалына дербес дайындалатын болады. Қазақстан чемпионатының ойыншыларын қараймыз, сондай-ақ «Барыста» ойын тәжірибесі аз болған ойыншылар құрамаға кіреді.

- Құрама сіздің қоластыңызда қандай ойын стратегиясын ұстанатын болады?

- Бірінші және екінші құрамаға шақырылған жігіттердің көпшілігі «Барыс» жүйесінде ойнаған және команданың қалай әрекет ететінін біледі. Сондықтан сол тактиканы ұстанады.

- Никита Клещенко турнирге қатыса ма?

- Иә.

- Оны Джесси Блэкермен бірге қоймайсыз ба?

- Жоқ.

- Александр Высоцкиймен бірге ойыншыларды екі құрамаға қалай бөлдіңіз?

- Біз Высоцкий екеуіміз «Барыстың» жүйесінде жүрген және талаптарымызды жақсы білетін ойыншыларды жинадық. Үлкендеу жігіттер бізге, жастау жігіттер сол жаққа барды. Алайда біз құрамдарды өзгерте аламыз. Александр Борисевичті көргіміз келеді, соңғы ойындарда тамаша ойнады. Қазақстан Кубогы да оның «Сарыарқа» командасы көшбасшыларының бірі екендігін көрсетті. Сондықтан бұл жігіттің ойынын көру керек.

- Қарсыластардың құрамдарын қарадыңыздар ме? Бұл турнирде команда алдына қандай міндеттер қойып отырсыздар?

- Құрамдарын қарадық, Ресей құрамасына келсек, білуімше онда Нижнекамск пен Сочидің ойыншылары жиналған. Беларусь құрамасында жас ойыншылар болады. Басты міндет – әрине әрбір матчта жеңу.