Елордада ITF Men’s World Tennis Tour Nur-Sultan турнирінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жүлде қоры 15 АҚШ долларына бағаланған додада жекелей сында 19 жастағы фин теннисшісі Отто Виртанен жеңіске жетті.

Ол финалда германиялық Матц Розенкранцты 7:5, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

О.Виртанен жартылай финалда Польша өкілі Михал Дембекті 3:6, 6:3, 6:4 есебімен қапы қалдырды. Фин теннисшісі ширек финалда италиялық Маттео Донатиді, екінші айналымда отандасы Патрик Никлас-Салминенді, бастапқы кездесуінде ұлыбританиялық Оскар Уайтманды ұтты.

ITF Men’s World Tennis Tour сериясында екінші жеңісіне қол жеткізген О.Виртанен Нұр-Сұлтанда өтетін келесі осындай жарыста да барын салатынын мәлімдеді.

Жұптық сында Беларусь өкілдері Ярослав Шил мен Иван Лютаревич үздік шықты. Олар финалда италиялықтар Франческо Форти мен Франческо Маестреллиді жеңді.

Сонымен қатар Шымкент қаласында әйелдер арасында ITF турнирі (жүлде қоры – 15 мың АҚШ доллары) мәреге жетті.

Мұнда осы доданың 2-ракеткасы, Беларусь теннисшісі Юлия Готовконың мерейі үстем болды. Ол финалда ресейлік Анастасия Тихонованы 7:5, 6:2 есебімен ұтты.

Ю.Готовко ширек финалда қазақстандық Жібек Құламбаевадан да айласын асырып кетті.