Екінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Әли Ахмедов (16-1, 12 КО) рингке көктемде оралуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

BoxRec.com сайтының дерегі бойынша, Ахмедовтің келесі жекпе-жегі 12 наурызда АҚШ-тың Флорида штатында өтеді. Нақты орны мен қарсыластың есімі әзірге белгісіз.

Қазақстандық боксшы өзінің ең кейінгі айқасын 2020 жылдың 19 желтоқсанында АҚШ-тың Голливуд қаласында эквадорлық Карлос Гонгораға (19-0, 14 КО) қарсы өткізген болатын. IBO әлем чемпионы атағы үшін болған кездесуде ол күтпеген жерден нокаутқа түсіп, жеңіліп қалды.

Еске сала кетсек, Ахмедов Геннадий Головкиннің (41-1-1, 36 КО) GGG Promotions промоутерлік компаниясының клиенті және отандық чемпионмен бірге Джонатон Бэнкстың қоластында жаттығады.