Алмалы аудандық соты ММА файтері Қуат Хамитовқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Prosports.kz.

BaigeNews.kz сайтының хабарлауынша, спортшы Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, шартты түрде 6 айға қамауға алынды.

Сот оған осы мерзімде тұрғылықты жерінен кетуге тыйым салды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Хамитов соттағы соңғы сөзінде соттан "халықаралық турнирлерге қатысқысы келетіндіктен оны шетелге шығу құқығынан айырмауды сұрағаны" жайлы хабарланған.

Айта кетейік, 2020 жылы қыркүйекте спортшы дезинфекция жасаушылар "халықты улап жатыр" деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеген болатын. Кейіннен спортшы ол видеоның әзіл ретінде түсірілгенін айтты.