Туриндік «Ювентус» шабуылшысы Криштиану Роналдудың 2020 күнтізбелік жылдағы Еуропаның үздік 5 чемпионатының сұрмергені болуға мүмкіндігі бар, деп хабарлайды Prosports.kz Twitter-дегі Squwka парақшасына сілтеме жасап.

Еске сала кетелік, португалиялық форвард Италия чемпионатының 13-ші турында «Парма» қақпасына дубль жасады. Сол ойында туриндіктер 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Роналду дублінің арқасында «Баварияның» 32 жастағы шабуылшысы Роберт Левандовскиді қуып жетті. Екі ойыншының еншісінде қазір 32 гол бар. Сонымен бірге, «Бавария» биыл соңғы кездесуін өткізіп үлгерді, ал «Ювентус» 22 желтоқсан күні Италия чемпионатының 14-турында өз алаңында «Фиорентинаны» қабылдайды.

Биылғы маусымда Криштиану Роналду туриндік «Ювентус» сапында 13 кездесу өткізіп, 16 гол соққан және 1 нәтижелі пас берген. Ал Левандовски 2020/2021 маусымында 18 кездесуде 20 гол соқты және 5 нәтижелі пас берді.