18 желтоқсанда Алматыда UNDERDOG спорт агенттігі мен қазақстандық Octagon Promotion лигасының бірігуіне орай баспасөз мәслихаты өтті. Prosports.kz тілшісі іс-шарадағы ең қызықты және маңызды ақпаратты назарыңызға ұсынады.
Octagon промоушенінің басшысы Нұраддин Садықов, UNDERDOG спорт директоры Павел Берсенов және атқарушы директор Қанат Рахымжанов екі ұйымның біріккенін айтып, болашақ қойған жоспарымен бөлісті.
«Бұл біздің ортақ шешіміміз. UNDERDOG жеке промоушен ашуды қарастырған. Өйткені спорт агенттігі бір орында тоқтамай, алға жылжуы қажет еді. Дегенмен Octagon Promotion лигасының негізін қалаушы Нұраддин Садықовпен сөйлескенде мақсатымыз да, ойымыз да бір жерден шықты. Осылайша, Қазақстан мен Орта Азия файтерлерінің басын қосатын лига құруды шештік.
Octagon-ға келген файтерлер Еуразияда танымал болып, батыс промоушендеріне жолы ашылады. Жоба бойынша біздер бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Бұл еліміздегі ММА спортының дамуына үлкен серпін беретіні сөзсіз. Осы жұмысты істеу үшін UNDERDOG PRO компаниясы құрылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ММА спорты жақсы дамып келеді. Біздің мақсат өзге промоушендермен бәсекеге түсу емес, жас файтерлерді үлкен спорт жолына жіберу. Жарыстарымызда тек Қазақстан емес, Орта Азияның өзге елдерінің, көрші Ресей, одан бөлек Түркия, Украина мен Әзірбайжанның файтерлері жұдырықтасады. Сапалы бәсекелестік жергілікті файтерлердің шыңдалуына әсер етеді. Осылай ғана әлемдік деңгейге шыға аламыз».
«Болашақта айына 1 турнирден өткізуді жоспарлап отырмыз. Мүмкіндік болса, 12 айда 12 турнир ұйымдастырсақ дейміз. Олардың басым бөлігі Қазақстанда өтеді. Одан бөлек шетелде де ұйымдастыруды қарастырамыз. 22 қаңтарда Алматыда алғашқы турнирімізді өткізсек дейміз. Бәрі еліміздегі ахуалға байланысты. Егер бәрі тұрақты болып, рұқсат етілсе турниріміз өтеді».
«Промоушен құруды бұрыннан ойластырып жүрдік. Сол себепті бұл NFC мен Dar Team бірігуіне біздің қайтарған жауабымыз деуге болмас. Octagon Promotion елімізде танымал ұйымның біріне айналып үлгерген. Олар UNDERDOG бірге жұмыс істеуді ұсынған соң мықты лига құруды қолға алдық.
Ұйыммен келісімшартқа отырған не келіссөз жүргізіп жатқан файтерлердің есімін турнир жақындаған хабарлаймыз».
Ұсынамыз
Комментарии