Шымкент шаршы алаңында боксшылар өзара мықтыны анықтады. Аталған республикалық бәсекеде күміспен күптелген астаналық Сағындық Тоғамбай күміс жүлдегер атанғанына өкінбейтінін айтып, Olympic.kz сайтына жарысты қорытындылап берді.

"Қазақстан чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Менің салмағымның үздігі Василий Левит денсаулығына байланысты жарысқа қатыспағанын есептемегенде, ел құрамасының барлық біірінші нөмерлі боксшылары Шымкент шаршы алаңына шықты.

Мен үшін ең қиын әрі тартысты жекпе-жек - финалдағы кездесу деп айта аламын. Себебі, финалдағы қарсыласым өзімнің бауырым, кішкентай кезімізден бір бапкерде жаттығып келе жатқан Айбек Оралбай болды. Осы уақытқа дейін екеуміз жарыстарда кездеспегенбіз. Сондықтан, психологиялық тұрғыдан досыңмен финалда жұдырықтасу қиынға соғады екен.

Әрине, финалға ұтамын деп шығасың. Десе де, жекпе-жек барысында Айбек маған қарағанда көп шабуыл, соққы жасаған шығар, соның нәтижесінде жеңіске жетті. Екінші орыннан көрініп, күміс алғаным үшін өкінбеймін. Бұл менің ересектер арасындағы үшінші жарысым болғанымен, мен қатысқан алғашқы ел біріншілігі болды", - дейді Сағындық Тоғамбай.

Айта кетерлігі, елордалық Сағындық Тоғамбай 91 келінің алтынын командаласы Айбек Оралбаймен сарапқа салды. Асқар Еркебаевтың қос шәкірті финалда жұдырықтасып, алтын мен күміс медальді Нұр-Сұлтан қаласының командасында сақтап қалды.