Еліміздің бетке ұстар файтерінің бірі Сергей Морозов әлемдегі ең беделді UFC ұйымындағы алғашқы жекпе-жегін өткізуге дайындап жатыр. Ол Абу-Дабиде өтетін UFC-дің 257 турнирінде сегізбұрышқа шығады.

Жыл басында UFC-мен келісімшартқа отырған Сергей Морозовтың қарсыласы ресейлік спортшы Умар Нурмагомедов болатыны жайлы ресми хабарланды. Тегінен-ақ бұл жігіттің Дағыстаннан шыққан чемпион Хабиб Нурмагомедовтің туысы екенін аңғаруға болады. Prosports.kz қазақстандық файтердің UFC-дегі алғашқы қарсыласы жайлы бірер ақпаратты беруді жөн көрді.

* Қәсіпқой MMA-ге бет бұрмай тұрып Умар Нурмагомедов аралас жекпе-жекпен шұғылданып, тіпті, Ресейдің чемпионы атанған. Оған қоса Тай спортынан Дағыстан біріншілігінде топ жарып, әскери самбодан әлемнің үздігі болған.

* 2016 жылы Умар Нурмагомедов кәсіпқой ММА спортында бағын сынауды жөн көреді. Мансабында WMMAA, Samara MMA, PFL, GFC және Fight Nights Global ұйымдары турнирлерінде жекпе-жек өткізген.

* Умар – UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовтің немере інісі. Ол да Хабиб секілді Абдулманап Нурмагомедовтің қол астында жаттыққан.