Соңғы минуттар синдромы... Қазақстан ұлттық құрамасы... Осы «ұлттық» дегенді алып тастасақ қайтеді? Ұлттың намысы үшін жан беретін команда осы ма? Билек білгенінен жаңылды, Шотландияны шаң қаптырған құрама қайда қазір? Prosports.kz тілшісі матчқа қысқаша шолу жасады.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С тобындағы соңғы матчын өткізді. Қарсылас - Литва командасы. Балтық жағалауынан келген қарсылас түзде тәуір ойнайды. Билек мұны біле ме?

Салған жерден шабуылға шықпай, жасық ойын көрсеткен жігіттеріміз 38-минутта Айымбетовтың голынан кейін жігерлене алмады, керісінше, араға екі минут салып, литвалықтар жігерімізді құм етті. Осыдан кейін-ақ қонақтардың амбициясы айқындала түсті. Сәт сайын қауіпті шабуыл ұйымдастыра білді.

Жығылғанға жұдырық, 50-минутта Қуат қуылды алаңнан. Мұның өздеріне қол болғанын сезген Урбонас бірнеше ойыншысын ауыстырып, жеңіске ұмтылды. Әрине, қазақтарды жеңуге болатынын білді олар. Жемтіктің иісін сезді.