Бокстан Қазақстан әйелдер командасының бас бапкері Ерік Алғабек қараша айында өтетін Қазақстан біріншілігіне қатысты пікір білдірді. Жаттықтырушының айтуынша, бірнеше айдан бері шаршы алаңға шықпаған боксшы қыздар үшін бұл бәсеке ауадай қажет.

«Шымкентте ел чемпионаты өтеді деген жаңалықты естіп, қатты қуандық. Өйткені, елімізде төтенше жағдай жарияланп, карантин енгізілгелі бері барлық жарыстар тоқтап қалды. Бірнеше айдан бері жекпе-жектерге қатыса алмай отырмыз. Ал боксшылар үшін жарыс практикасы өте қажет.

Иә, карантин жеңілдетілгелі бері екі рет оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, спортшылардың жалпы физикалық дайындығын реттедік, техниканы арттыру үшін жұмыс істедік. Бірақ шаршы алаңға шығып жұдырықтасудың орны бөлек. Биылғы ел чемпионатында ерлер мен әйелдер бәсекесі алғаш рет бірге өткізіледі.

Осы сында еліміздің барлық үздік боксшыларын да, жастарды да бақылайтын боламыз. Өйткені, бізге резерв қажет. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Әлі лицензия алмаған салмақ дәрежелері бар. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін талантты спортшыларды іздейтін боламыз», - дейді бас бапкер.

Айта кетелік, бокстан биылғы Қазақстан чемпионаты 23-29 қараша күндері ұйымдастырылады.