Бокстан Қазақстан командасының мүшелері Абылайхан Жүсіпов пен Бекзад Нұрдәулетов 31 қазан күні Атырау қаласында өтетін кәсіби бокс кешінде сынға түседі. Бұл туралы команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев мәлімдеді.

«Әзірге екі боксшымыз кәсіби түрде сынға түспекші. Промоутерлік компания Бекзад пен Абылайханды таңдап алды. Басқа команда мүшелері де назардан тыс қалған жоқ. Бірақ қарсыластар мәселесі туындаған соң, таңдау осы екі боксшыға түсті. Мұндағы біздің басты мақсатымыз – спортшыларды Олимпиадаға дейін бабында ұстау.

Ғаламдық пандемия бізге үлкен кедергілерді алып келді. Токио Олимпиадасына толық құраммен жолдама алсақ та, індет салдарынан сегіз айдан бері ешқандай жарысқа қатыса алмай отырмыз. Ал боксшыларға жарыс практикасы керек. Сол үшін осындай қадамға бардық.

Тағы да қайталап өтемін – спортшылар кәсіби боксқа түбегейлі ауысып кеткен жоқ. Тек қана Олимпиада ойындарына дайындықты күшейту үшін бұл ұсынысқа келістік. Боксшылардың дайындығын да тікелей өзіміз бақылаймыз. Яғни, промоутерлік компанияның мамандары емес, спортшылардың жеке бапкерлері қадағалайды және өзім бас-көз боламын.

Қарсыластар туралы нақты мәлімет айта алмаймын. Әрине, ірі деңгейлі спортшылар болмайтыны анық.

Әзірге, жекпе-жектің қанша раундқа созылатыны туралы нақты келісілген жоқ. Біз 6-8 раундтық кездесу өтеді деп жоспарлап отырмыз. Мұндай тәжірибе қазір бәрінде де бар. Өзбек боксшылары да әлдеқашан кәсіби боксты меңгеріп жатыр. Бізге де артық болмайды», - дейді бас бапкер.