Бокстан Қазақстан құрама командасы Алматы облысында жаттығу жиындарын бастап кетті. Команда мүшесі, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Абылайхан Жүсіпов карантиннен кейінгі дайындық кезеңінің қалай өтіп жатқанын айтты.

"Жаттығуға кіріскенімізге екі апта болды. Алда әлі екі жетілік жаттығу жиыны бар. Карантинде дайындықсыз көп жатып қалған соң, бұл жиын ұзаққа созылуда. Шыны керек, өте қуаныштымыз! Үйде қанша дайындалсаң да, командамен бір болғанға ештеңе жетпейді. Алдағы жарыстар туралы қандай да бір нақты мәлімет жоқ. Бірақ қай кезде жарыс басталса да, дайын екенімізді айтқым келеді", - дейді Жүсіпов.