20 қыркүйекте Алматыда футболдан Қазақстан чемпионатының 9-туры аясында екі матч өтеді, деп жазады Prosports.kz.

Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-де Тимур Сегізбаев атындағы академияның алаңында «Астана» мен қарағандыоық «Шахтер» кездеседі. Бейсенбі күні елордалықтар Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде күтпеген жерден «Будучности» (Черногория) командасынан жеңіліп қалды. Олар енді жанкүйерлерінің алдындағы кінәсін жуып-шаю үшін бүгін тек жеңіс үшін ойнайды.

Ал қарағандылықтар үшін де бүгін жеңіске деген мотивация жеткілікті. «Шахтер» бүгін жеңіске жетсе турнирлік кестеде үшінші, тіпті екінші орынға дейін көтеріле алады.

Елорда уақытымен 18:00-де Алматының Орталық стадионында қызылордалық «Қайсар» мен шымкенттік «Ордабасы» кездеседі. Бұл екі команданың да 13 ұпайы бар, бірақ қызылордалықтар екі ойын кем өткізген. Қос команда да чемпионаттың жүлделі орындарынан дәмелі. Демек бүгінгі оңтүстік дерби де тартысқа толы болмақ.

Qazsport телеарнасы «Астана» - «Шахтер» (сағат 14:50-де басталады) және «Қайсар» - «Ордабасы» (17:50-де басталады) тікелей эфирде көрсетеді.