Алматы облысының тумасы Жұмахан Күзбаев кір көтеру спортынан әлемнің 6 мәрте чемпионы атанған. Жұмахан Күзбаевтің жасы 62-де. Әйтсе де, кір тастарын бұйым құрлы көрмейді. 85 келі салмақта ардагерлер арасында өткен әлем біріншілігінде 2 рет рекордтық көрсеткішке ие болды. Соңғы рет Латвияда өткен дүниежүзілік жарыста 16 келі тартатын екі тасты 10 минутта 107 рет еңсеріп, теңдессіз спортшы атанған еді. Prosports.kz тілшісіне берген сұхпатында тынымсыз жаттығудың арқасында бабынан таймағандығын айтты.