«Тараз» футбол клубының бас бапкері Владимир Никитенко ҚПЛ-дің 7-туры аясында «Шахтермен» өткен ойын туралы пікірімен бөлісті.

Бұл туралы тараздық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

- Кездесу жеңіл болған жоқ. Бірінші таймда қарсыластың қыспаққа алуынан шабуылға шығу қиын болды. Көп күресуге тура келді. Ойынның екінші бөлігінде бірқатар жақсы мүмкіндіктер болды. Соның бірінде бірінші болып гол соғып алдық. Тағы да есепті еселейтін мүмкіндік болды. Бірақ қақпашымен жеке дара шығып, ол сәтті тиімді пайдалана алмадық.

Матч соңында гол жіберіп алғаннан кейін де тағы бір тамаша мүмкіндік болды. Бірақ ол да сәтсіз аяқталды. Қоржында тұрған екі ұпайды жіберіп қалдық деп есептеймін. Жалпы алғанда жекелеген сәттерде ойыншылар үздік шығып, сондай жақсы қарсыласпен тең дәрежеде ойнады. Тек матч соңы ойдағыдай аяқталмады.