Қазақстан құрамасының ойыншысы Александр Меркель Ресейлік «Сочимен» келісімшартқа отырмайды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Sports.ru басылымының мәліметінше, Александр Меркель Ресей чемпионатына ауыспайды. «Сочи» қаржылай жағдайын есепке ала отырып Қазақстан құрамасының ойыншысымен келісімшартқа отырмауды жөн көріпті.

Бұған дейін Championat.com басылымы Александр Меркельдің «Сочимен» келіссөз жүргізіп жатқанын жазған болатын. Ал біздің басылымға белгілі болғандай, футболшыға Қазақстан Премьер-лигасының көшбасшы командалары қызығушылық танытқан. Алайда ол Қазақстанға келуден бас тартқан.

Айта кетейік, Александр Меркель мансабында италиялық «Милан», «Дженоа», «Удинезе» мен «Пиза», аустриялық «Адмира», немістің «Бохум», швейцариялық «Грассхопперс» пен англиялық «Уотфорд» командаларында ойнаған. Соңғы маусымды голландиялық «Хераклесте» өткізді.