Талдықорғандағы «Өркен»балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің волейболшы қыздары қазан айында өтетін жарыстарға дайындалып жатыр. Еліміздегі карантин шаралары жұмсаруына байланысты 1 қыркүйектен бастап, спорт залда жаттығуға кіріскен. Жерлестеріміз өңірілік және республикалық додаларда топ жаруды көздеп отыр, деп жазады Prosports.kz тілшісі.

Талдықорған қаласындағы «Өркен»балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол бөлімі 5 жыл бұрын ашылған. Содан бері бұл орталықтың оқушылары Алматы облысымен Республикалық жарыстарда жүлделі орыннан түсіп көрген жоқ. Әсіресе, 12-13 жастағы қыздардан жасақталған волейбол ұжымы өңір жеңімпазы атанды. Биыл қыста Петропавл қаласында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында үздік 4-тіктен көрінді.

Талғат Жақсыбеков

ТАЛҒАТ ЖАҚСЫБЕКОВ,«ӨРКЕН»БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

«Бұл нәтижелер бізге жасалған жағдайдың жемісі. Алматы облысы волейбол федерациясы мен спорт мектебінің басшылығы көмектесіп жатыр. Спорттық құрал-жабдықтарымыз жеткілікті. Алматы облысының 2007 жылы туған қыздар құрамасын біздің мектептің оқушылары жасақтады. Биыл көктемде Короноіндеттің салдарынан жарысқа шыға алмай қалдық. 4 ай бойы онлайн сабақ өткізіп, қыздарды үйлерінде дайындадық. Арасында 4-5 ойыншыдан жинап, далада жаттығу өткіздік. Енді ғана спорт залға кіріп, шеберлігімізді шыңдап жатырмыз. Қыздар жабық кешеніді өте сағынып қалған. Бұған дейін қайта-қайта «Спорт залда қашан дайындаламыз? Әлі уақыты келмеді ме?»,деп оқушыларда, ата-аналары да сурайтын. Енді міне ол күнге де жеттік. Дайындығымыз 2-3 сағатқа дейін созылады».

Талғат Жақсыбеков осыдан 3-4 жыл бұрын Талдықорғандағы мектептерді аралап жүріп, волейболға бейім қыздарды іріктеп алды. Командалық ойынның қыр-сырын шәкірттеріне үйретіп, білгенін аяған жоқ. Жақсы нәтижеге жету үшін бапкерге тынымсыз еңбек қажет. Сонымен қатар өз ісіңді сүйе білу керек, дейді жаттықтырушы.

ТАЛҒАТ ЖАҚСЫБЕКОВ, «ӨРКЕН» БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

«Біз қазір қазан айының 1 мен 10 күндері аралығында Алматы облысы Қаскелең қаласында өтетін өңірлік чемпионатқа дайындалып жатырмыз. Ол жарыстан 1 апта өтісімен Қазақстанның күзгі біріншілігі болады. Ол сында да бағымызды сынап, жүлделі орыннан көрінсек, деген жоспарымыз бар. Біз залда жүрсекте Карантин ережелерін сақтаймыз. Жаттығу кезінде ойыншылардың санын 25-30-дан асырмаймыз. Антисептик үнемі қолданамыз».

Салтанат Құдайберген волейбол ойынын серік еткеніне 3 жыл болды. Осы уақытқа дейін Алматы облысы құрама командасының белді мүшесіне айналды. Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектеп-интернатының сарапшылары да Салтанатты ұжымына шақырған екен. Мамандар оның болашағына үлкен үмітпен қарайды. Салтанаттың басты мақсаты - кәсіпқой волейболшы болып, «Жетісу» клубында өнер көрсету. Ол үшін тынымсыз жаттығамын, дейді.

САЛТАНАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ВОЛЕЙБОЛДАН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚЫЗДАР ҚҰРАМАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ:

«Маған волейбол ұнайды. Бұл командалық спорт. Жеңіске жету үшін бір адамның белсенділігі жеткіліксіз. Сондықтан ұжым болып, өзара түсінісе отырып, қимылдасаң ғана мақсатыңа жетесің. Волейболдың нақ осы ауызбіршілікке тәрбиелейтін тұсы менің бұл спортты жақсы көруіме себеп болды. Мен шабуылшымын. Жаттығуда бірнеше тактикалық жүйелер құрамыз. Оны жетілдіруге тырысамыз. Мен болашақта Талдықорғанның Жетісу әйелдер командасында ойнап, Қазақстан чемпионы атанғым келеді. Ұлттық құрамаға түсіп, ел намысын халықаралық жарыстарда қорғасам деймын».

Волейболшы қыздар күзгі жарыстарда барын салмақ. Әсіресе, Қазақстан біріншілігінде қарсыластарымызға кеткен есемізді қайтарып, ел чемпионы болуға тырысамыз, дейді. Айта кетейік,соңғы ел біріншілігі Қызылжарда өткен жарыста Жетісу өңірінің құрамасы Ақтобе, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Семей және Өскемен командаларын жеңді. Алайда, Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының ұжымдарына жол беріп, 4-орыннан көрінді.

ВАЛЕРИЯ СКРИПКА, ВОЛЕЙБОЛДАН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚЫЗДАР ҚҰРАМАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ:

«Мен волейболмен айналысқаныма 5 жыл болды. Осы уақыт ішінде көптеген қалаларға бардық. Жүлделі болдық. Спорттық деңгейде шыңдалып қана қоймай рухани байыдым. Өмірге деген көзқарасым оңынан өзгерді. Құрбыларым көбейді. Жалпы, мен кәсіпқой волейболшы боламын, деп алдыма мақсат қойдым. Ол үшін тынымсыз дайндалып жатырмын».

Команда тыңғылықты дайындықтан соң Алматы облысының чемпионатына қатысады. Артынша күзгі Республика біріншілігінде бақ сынайды.