«Барселона» шабуылшысы Лионель Месси «Манчестер Ситиге» ауысуға шешім қабылдады, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы журналист Марсело Бехлер Twitter желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.

Бұған дейін БАҚ Мессидің ағылшын клубының бас бапкері Хосеп Гвардиоламен келіссөздер жүргізгені туралы хабарлаған.

Ойыншының клубпен келісімшарты 2021 жылдың жазына дейін жарамды. Бірақ келісімшартта кез-келген маусымның соңында Мессидің келісімді біржақты бұзуына мүмкіндік беретін тармақ бар. Аргентиналық шабуылшы осы тармаққа сүйеніп, клубтан өз бетінше кеткісі келеді.

Бірақ клуб басшылығы келісімшартта көрсетілген өтемақы - 700 миллион еуроны төлемесе, ойыншыны ешқайда жібергісі келмейді. Егер Месси келісімді біржақты бұзуға тырысса, «Барселона» оны сотқа беруге дайын.

Айта кетейік, өткен маусымда Месси 44 матчқа қатысып, 31 гол соқты және 26 нәтижелі пас берді.