«Барселона» жартылай қорғаушысы Артур Мело каталондық команданың сапына оралудан бас тартты.

Goal басылымының мәліметінше, «Барселона» Чемпиондар лигасының 1/8 финалы аясында өтетін «Наполиге» қарымта матчқа дайындықты бастады. Алайда Артур командаға оралудан бас тартып отыр.

Бразилиялық футболшы «Ювентуске» ауысқанша «Барселонаға» оралмайтынын мәлімдеген.

«Барселона» жартылай қорғаушысы Артур Мело 2019/20 маусымының соңында «Ювентус» қатарына қосылады. Трансфердің құны 72 миллион еуроны құрайды, каталондықтар келісімшарттағы талаптардың орындалуына қарай тағы 10 миллион еуро алуы мүмкін.

Артур «Ювентуспен» бес жылдық келісімшартқа отырады. 23 жастағы футболшының жалақысы бір маусымда 7 миллион еуро және бонустардан тұрады.