Жуырда ғана Пиреней түбегінде өткен турнирде «Астана-1964» командасының жасөспірімдері жүлдеге ілінді, деп хабарлайды «PROСПОРТ».
 
Осы жарыста жақсы ойнаған қазақстандық 2 футболшы – Мейрамбек Қалмұрза мен Руслан Пистольді «Нумансия» командасының академиясы ұнатып, шақырту жіберіпті.
 
Қазақта «Өсетін баланың бетін қақпа, белін бу» деген жақсы сөз бар. Ал Испанияны бетке алған Мейрамбек пен Русланға табыс пен жеңіс тілейміз. Қазақ баласының Испанияда доп тепкенін көру, әркімге бір бақыт. Болашақта Мейрамбек Қалмұрза есімді қазақ жігітін «Реал Мадрид», «Барселона» сынды командалар сапынан көріп жатсаңыз, таң қалмаңыз. 12 жасында испан футбол мамандарының назарына іліккен жас ойыншының арманы ұшан-теңіз. Қазір сабақтан гөрі, футболды көбірек ойлап, соған ден қойған Мейрамбек қатарластарының алдында келеді. 
 
«Мен атақты футболист болуға тырысамын. Криштиану Роналду, Месси, Кәрім Бензема, Рамос сынды жұлдыздармен доп тепкім келеді. Құр доп тебу емес әрине, олармен бірге паспен, командамның намысы үшін ойнағым келеді», - дейді «Астана-1964» командасының ойыншысы Мейрамбек Қалмұрза.
 
«Нумансияның» алаңы мен базасы біздікінен оқ бойы озық. Мені онда таңқалдырғаны атақты футболшылардың жас ойыншылармен тығыз қарым-қатынастығы. Бірге доп тебуінің өзі әдемі үрдіс қалыптастырған», - дейді алаңда ағынан жарылған Мейрамбек. Футбол әліппесін ол Бейсенбек Ізтілеуовтен меңгеріпті. 
 
«Алғашқыда Қазақстанның өзіне жарыстарға кетіп жүрді. Басында уайымдап жүруші едік, адам үйренеді екен ғой бәріне. Былтыр нәтиже көрсетіп, командасымен Италияға барып келді. Өзінің таңдауы – футбол. Сұрап отырамыз ылғи. «Ары қарай, осы футболды қуамын», - дейді Мейрамбектің әкесі Тайыр Қалмұрза
 
Қазіргі таңда команда мүшелері №8 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде қосымша білім алады. Мектеп басшылығы мен турнирге қатысуға ұйытқы болып жүрген «Астана-1964» футбол клубы мен қалалық футбол федерациясының өкілдері қуанышты бірге бөлісуге әрқашан дайын. 
 
khabar.kz сайтының ақпараты бойынша