Футболдан Қазақстан Кубогының финалында алматылық «Қайрат» «Ақтөбеге» мүмкіндік қалдырмады, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Ойынды алғашқы минуттары «Қайраттың» басымдығымен өтті. Сидельников қақпасына бағытталған алғашқы соққы голмен аяқталуға жақын қалған. Ермек Қуантаев тепкен доп қақпа бағанасынан қайтты. Ақтөбеліктер де оныншы минутқа таман ойынды теңестіріп, жиі ұмтылыс жасап тұрды. 16-ші минутта Алексей Антонов алыстан Сергей Ткачуктың қырағылығын тексеріп көрген. Батысқазақстандықтардың өкінішіне қарай, доп қақпаның маңдайшасына тиді. 19-ші тоблодағы есеп өзгерді. Есепті өзгерткен «Ақтөбенің» қорғаушысы – Роберт Арзуманян. Армениялық ойыншы Жерар Гоуға қысым жасап жатқан кезінде байқамай әуедегі допты өз қақпасына салып алды – 1:0. «Қайрат» алда. 24-ші минутта Гоудың өзі тамаша мүмкіндікке ие болды. Алайда оның алыс бұрышқа бағыттаған соққысын Сидельников алып шықты. 29-шы минутта Юрий Логвиненко есепті өзгертті. Бұл жолы ақтөбеліктер голды қарсыласының қақпасына салды. Дегенмен бұл есеп ұзаққа сақталмады. Екі минуттан соң Исаэльдің пасынан кейін Гоу бос қақпаны дәл нысаналады – 2:1. Бірінші таймның аяқ жағында ойын қарқыны сәл төмендеп, тоблодағы есепті өзгерте алмады.                    

Үзілістен кейін ақтөбелік команда белсенді ойнады. Бірақ қос ұжым да қақпашыларды көп мазалай қойған жоқ. 55-ші минутта сол қанаттан Марат Хайруллин асырған допты Маркос Пиззелли кеудесімен тоқтатып алып, қақпаға соққы бағыттаған – қиыс. 65-ші минутта алматылықтар үшінші голын соқты. «Ақтөбенің» айып алаңындағы қарбалас сәтте Гоу допты қақпада тулатты. Бұл голдан кейін де Владимир Вайсстың командасы қорғаныста «жатып» алмай, шабуылдарын жалғастыра берді. Сондай ұмтылыстардың бірінде Бауыржан Исламхан сол қанаттан жақын бұрышқа жойқын соққы жасады – Сидельников орнында. Ақтөбеліктер қанша тырысқанымен Ткачук қақпасына қауіп төндіре алмады. Есесіне алматылықтар төртінші гол соқты. Аслан Дарабаев орталық алаңнан ойысып, айып алаңына енбей, жақын бұрышты дәл көздеді. Қалған уақытта Владимир Газзаев шәкірттері екінші гол соға алмай, ел кубогының финалында тас-талқан болып жеңілді.     

 

«Қайрат» – «Ақтөбе» 4:1 (2:1)

Голдар: 1:0 – Арзуманян (автогол) 19, 1:1 – Логвиненко 29, 2:1 – Гоу 31, 3:1 – Гоу 65, 4:1 – Дарабаев 85

«Қайрат»: Ткачук, Қуантаев, Михалик, Маркович, Гурман, Дарабаев, Исламхан, Л. Риера, Исаэл, Гоу, Қуат

«Ақтөбе»: Сидельников, Царикаев, Мирошниченко, Пиззелли, Хайруллин, Тағыберген, Коробкин, Логвиненко, Сантана, Антонов, Арзуманян

Алаңнан қуылды: Риера 89