Жартылай орта салмақта WBА бұрынғы чемпионы Мэнни Пакьяо 2022 жылы өтетін Филиппин президентін сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді.

Дәл қазіргі уақытта боксшы отанында сенатор қызметін атқарады. Ол 2022 жылы өтетін президент сайлауына қатысатыны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда боксшының өзі Филиппин БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында президент сайлауына түспейтінін айтқан.

«Қазір саясатқа араласатын уақыт емес. Елде шешімін таппаған проблемалар көп. Дәл қазір барлық қиындықтан аман-есен өту үшін халық бірігіп, ұйымшыл болуы қажет», – деп келтіреді Мэнни Пакьяоның сөзін The Manila Times.

Айта кетейік, жақында Пакьяоның жаттықтырушысы Фрэдди Роуч шәкіртінің қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы жекпе-жек өткізгісі келетінін айтқан еді.