Бес салмақ дәрежесінде әлемнің бұрынғы чемпионы кіші Флойд Мейвезер 43 жаста болса да, рингке оралып, титул жеңе алатынын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі.

Америкалық боксшы шоу жасай алатынын, бірақ жас спортшыларға жол беретінін мәлімдеді.

«Рингке шығып, титул жеңіп алатынымды сеземін. Мен жақсы шоу көрсете аламын, бірақ басқа боксшылардың жарқырайтын уақыты келді.

Мен әлі де спортпен айналысамын. Спортпен 24 жыл айналыстым, 20 жыл чемпион болдым. Менің жарқырайтын уақытым болды. Енді мен басқа боксшылардың жақсы жақтарын көргім келеді», - деді Мейвезер.

Мейвезер соңғы жекпе-жегін 2017 жылдың тамыз айында өткізді, ол екі дивизионда UFC экс-чемпионы Конор МакГрегорды оныншы раундта нокаутқа жіберген болатын.