«Ордабасы» футбол клубының бұрынғы капитаны, ал қазіргі спорт директоры Қайрат Әшірбеков Prosports.kz сайтына берген сұхбатында мансабы жайлы, Қазақстандағы үздік жас ойыншылар туралы әңгімеледі.

- Футболдағы мансабыңызға көңіліңіз тола ма?

- Иә. Маған бұл сұрақ көп қойылады, әрқашан да көңілім толады деп жауап беремін. Егер бәрін басынан бастауға мүмкіндік турса, дәл осы жасағандарымды қайталар едім.

- Егер футбол болмаса, басқа қандай спорт түрімен айналысар едіңіз?

- Білмеймін. Басында ата-анам мені еркін күрес секциясына алып келді. Ол жерде маған ұнағаны, жаттығудың алғашқы 30 минутында футбол ойнайтынмыз болды (күліп). Кейін футболды таңдап, осы спорт түрімен айналыстым.

- Ең есіңізден кетпейтін матч?

- Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы ресми кездесуімді атар едім. Алматыда Сербия құрамасымен ойнадық. Есеп - 2:1. Бұл біздің құрама үшін өте маңызды ойын болды. Мұндай нәтижені бізден ешкім күтпеген еді. Жалпы, біз үшін бұл іріктеу кезеңі өте жақсы өтті. Іріктеу турниріндегі ең көп ұпайды сол кездегі біздің буын жинаған шығар.

- Ал клубтық деңгейде қай ойын есіңізде қалды?

- 2011 жылғы Қазақстан кубогы үшін өткен матч. Біздің команда «Тоболға» қарсы ойнады. Бұл менің туған командамның алғашқы титулы болатын. Сол сәтте қала тұрғындарының қатты қуанғаны есімде. Бұл тіпті жалпы облысымыз үшін қуанышты сәт еді.

- Мансабыңызда «Тараз», «Шахтер», «Локомотив», «Ақтөбе» және «Ордабасы» командаларында ойнадыңыз. Қай клубта өзіңізді жайлы сезіндіңіз?

- Барлық жерде өзімді жайлы сезіндім. Жанкүйерлер әрқашан жылы қарсы алатын. Бірақ «Ордабасы» мен «Ақтөбеде» көп уақыт өнер көрсеттім. «Ордабасы» - менің туған клубым, сондықтан мен үшін осы команда ең ыңғайлы болды деп ойлаймын. «Ақтөбені» де әрқашан жылы еске аламын. Оны өзімнің екінші үйім деп санаймын.

- Сіз бірге жұмыс жасаған ең жақсы бапкер?

- Мен көптеген жақсы жаттықтырушылармен бірге жұмыс істедім. Ешкімді бөліп-жарғым келмейді.

- Болашақта бапкер болу жоспарыңызда бар ма?

- Бұл туралы ойламадым. Қазірше ондай жоспарым жоқ.

- ҚПЛ-дағы ең үзік қазақстандық ойыншы мен легионерді атасаңыз?

- Әзірге Бауыржан Исламхан - қазақстандық ойыншылардың ішіндегі ең үздігі. Ал легионерлердің ішінен ең үздігі - Абдуллаи Диакате.

- Қазақстанның үздік жас ойыншылары кімдер?

- Бекхан Шайзада. Болашақта ол Қазақстан құрамасының негізгі қақпашысы болады деп ойлаймын. Маған Эльхан Астанов ұнайды. Ол жақсы өсіп келеді, болашақта шетелде ойнай алады. Тағы бір үздік ойыншы - Сағадат Тұрсынбай. Қазір ол «Тоболға» жалға берілді, бірақ Шымкент футболының түлегі.

- Жаттығуды жалғастырып жүрсіз бе?

- Иә, футболсыз өмір сүре алмаймын (күлді). Баста алты ай демаламын, жаттығу жасамаймын деп ойлаған едім. Бірақ бар болғаны 8 күнге шыдадым. Содан кейін қайтадан алаңға оралдым. Достарыммен футбол ойнап тұрамыз, әуесқой ойындарға қатысамын.

- Смақов сияқты футбол клубын сатып алу жоспарыңызда бар ма?

- Жоқ, ондай жоспарларым жоқ. Тіпті ондай мүмкіндігім де жоқ (күлді).

Оралхан Өміртаев: Шетелдік футболшылармен бәсекелес болған жақсы

«Ертіс» соңғы үш жылда 2,3 миллиард теңгеге тоналған