«Барыс» хоккей клубы екі жыл бойы бас бапкер қызметін атқарған Андрей Скабелкамен келісімшартын ұзарту үшін келіссөздер жүргізуде.

Команданың президенті Борис Иванищевтің айтуынша клуб бапкерге келісімшарт ұсынды, енді тек жауапты күтіп отыр. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты барлығы демалыста. Тіпті үйден шыға алмай отырғандықтан, бас бапкер өз жауабын кейінірек береді.

Құрлықтық хоккей лигасының өткен маусымында Скабелка шәкірттері Шығыс конференциясында екінші сатыға табан тіреген болатын. Плей-офф бәсекесінің бірінші кезеңінде «Барыс» ресейлік «Металлург» командасын серияда 4:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алған болатын. Бірақ Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілгеннен кейін «Барыс» 16 наурызда жарысты жалғастырудан бас тартты.

Белоруссиялық маман жаттықтырған екі жылдың ішінде елордалық ұжым жақсы дәрежеде өнер көрсетті.