Бүгінгі күні спортшылардың спорттағы мансабы үшін, жақсы қаражат үшін азаматтығын өзгертуі адамдарды еш таң қалдырмайды. Футзалда бразилиялықтар еліміздің намысын қорғап жүр, хоккейде америкалық және канадалық спортшылар Қазақстан үшін барын салып жүр, теннисте ресейліктер Қазақстан байрағын желбіретіп жүрген жайы бар.

Қазақстан теннисі қазіргі кезде қарқынды түрде дамып келе жатқаны сөзсіз. Бірақ барлығы жасанды қазақстандық теннисшілердің арқасында. Қазақстан теннис федерациясы 2008 жылдан бастап көрші Ресейден теннисшілер шақыруда. Соңғы 12 жылда Қазақстан азаматтығын 8 теннисші қабылдаған. Оның тек біреуі Украинадан келсе, жетеуі Ресейден келген. Ресейде теннисшілер саны өте көп болғандықтан теннис федерациясы барлығына бірдей қолдау көрсете алмайды. Сол себепті Қазақстан құрамасы болашағынан үміт күттіретін, қолдауға мұқтаж теннисшілерді өз қатарына шақырған. 2008 жылдан бері Қазақстан ерлер құрамасына ауысқан теннисшілер тізіміне көз жүгіртсек: Юрий Щукин, Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Евгений Королев,Александр Недовесов , Дмитрий Попко, Александр Бублик және Тимофей Скатов.

Михаил Кукушкин,32 жаста, 91-орын.

Михаил Кукушкин Қазақстан құрамасына 2008 жылы 21 жасында ауысқан болатын. Қазақстанға ауысқан кезде әлемдік рейтингте 148 орында болған. 12 жыл ішіндегі ең ірі жетістігі Санкт-Петербург қаласындағы АТР турнирінде жеңіске жетуі. Үш рет АТР турнирінің финалында жеңіліске ұшыраған.Үлкен дулыға бәсекелеріндегі ең жақсы нәтижесі Австралия ашық біріншілігі мен Уимблдон турнирінің 1/8 финалына дейін жеткен. Қазақстан құрамасының сапында Дэвис кубогында бірнеше рет ширек финалға дейін жеткен. 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында алтын жүлдеге ие болған. Әлемдік рейтингтегі ең жоғары позициясы 39-орын. Жасы 32-ге келгеніне қарамастан Михаил ұлттық құраманың негізгі ойнышыларының бірі.Соңғы 10 жылда маусым соңында тек бір рет үздік 100 теннисші қатарына кірмеген.

Андрей Голубев, 32 жаста,743-орын.

Андрей Голубев Қазақстан туының астына 2008 жылы Кукушкин сияқты 21 жасында ауысқан. Ол кезде Голубев әлемдік рейтингте 89 сатыда болған. Қазақстан құрамасына ауысқан соң 2010 жылы Қазақстан теннисінің тарихындағы бірінші болып АТР турнирінде топ жарды. Дэвис кубогында Қазақстан құрамасымен бірнеше рет ширек финалға жетті.2014 жылы Азия ойындарында алтыннан алқа тағынған. Үлкен дулыға бәсекелерінде екінші айналымнан асып көрмеген. Әлемдік рейтингте 33-орынға дейін көтерілген. Бастапқыда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Голубев 2015 жылдан бастап мүлде үздік 100 теннисші қатарына кірмеген. 2017 жылдың шілдесінен 2019 жылдың сәуіріне дейін жарыстарға қатыспады. 2019 жылы тенниске қайта оралды. Ендігі кезекте Голубев жұптық сында өнер көрсетуге көбірек көңіл бөлуде.