Бакуде спорттық гимнастикадан лицензиялық әлем кубогі кезеңінің бірінші жарыс күні аяқталды. Бірінші күн қорытындысы бойынша қазақстандықтар финалда сынға түседі.

Еркін жаттығуда Қазақстан атынан Милад Карими мен Дмитрий Патанин бақ сынады. Іріктеу кезінде олар тиісінше үшінші және алтыншы орын алып, финалға өтті.

Сондай-ақ, Карими қоссырықта жаттығудан ақтық сынға жолдама алды. Іріктеу кезеңінде ол жетінші орыннан көрінген.

Патанин шығыршықтағы жаттығуды 23-ші орынмен аяқтаса, Фарух Набиев қоссырықта 16-шы орынға тұрақтады.

13 наурыз күні гимнастикалық ат, гимнастикалық кермедегі жаттығу және қол тіреп секіруден іріктеу айналымы өтеді. Финал 14 наурызға жоспарланған.