Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев (14-0, 7КО) алдағы жоспарларымен бөлісіп, кезекті жекпе-жегіндегі қарсыласы жайлы айтып берді.

– Бұл аса азулы америкалық боксшымен жұдырықтасуға неге келістің?

– Атышулы америкалық боксшыны таңдау себебіміз ол әлемдік рейтингте өте жоғары тұр. Менеджерім Эгис Климас хабарласып “Чарльз Конвеллден жүрексініп ешкім айқасқа шықпай жатыр екен, сен жұдырықтасуға дайынсың ба?", - деп сұрады. Мен ойланбастан келісім бердім.

– Мүмкін жекпе-жек үшін төлетін ақша қомақты шығар?

– Қазіргі таңда екі тарап келісімшартты талқылау үстінде. Таяу күндері қол қоямыз. Бірақ бұл жекпе-жекте маған төленетін ақша аз. Мен қомақты ганорар үшін емес, кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген шын мықтымен күш сынасу мақсатында осы ұсынысты қабыл алдым.

– Демек, Мадияр Әшкеев мансабындағы жаңа белесіне шықты ма?

– Жоғары деңгейде жұдырықтасу үшін тек мықтылармен айқасу маңызды. Менің кәсіпқой мансабымдағы ең басты кездесудің бірі осы болмақ. Бабамыз жаудан қайтпаған батыр болса, бейбіт заманда рингте жүрген ұрпағы да қарсыластан жасқану дегенді білмейміз. Намысты бермеу қазақтың қанында бар дүние. Бұл мүмкіндікті жібергім келмеді.