Тректегі велоспорттан Берлинде аяқталған әлем чемпионатында Артем Захаров омниумнан алғашқы ондыққа енді. Бұл нәтиже Олимпиада лицензиясына таласу үшін жеткілікті деуге болады.

Қазіргі сәтте спортшылар әлемдік рейтингтің ресми түрде жаңаруын күтуде. Содан соң, Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшылар анықталады.

«Әрине, қашанда жақсы көрсеткіштен үміттенесің. Қазіргі сәтте техникалық инвентарь мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Алғашқы орындағы он команда заманауи технологиялар көмегіне жүгінген, аэродинамикасы мықты жаңа велосипедтерді құрастыруда. Бұл үлкен басымдық береді. Дегенмен, мұндай мүмкіндіктердің жоқтығына қарамастан, жақсы нәтиеже көрсеттім деп ойлаймын. Алдағы жоспарым- Олимпиадаға дайындалу. Токио ойындарына жолдама аламын деп сенемін. Бүгінде лицензияға қатысты ресми шешімді күтудеміз», - деді Артем ҰОК сайтына берген сұхбатында.