Германияның Дюссельдорф қаласында дзюдодан әлемдік Grand Slam жарысы басталды. Жарыстың бірінші күнінде татамиге шыққан қазақстандық дзюдошылардың бәрі жүлделі орынға іліне алмады, деп хабарлайды Prosports.kz ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап..

Бүгін ерлер 60, 66, ал әйелдер 48, 52 және 57 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде белдесуде. Қазақстандық Анна Казюлина (52 кг) бірінші белдесуінде Перу спортшысынан жеңіліп қалды.

Ерлер құрамасынан сынға түскен Мағжан Шамшадин (60 кг) мен Дәурен Сүйеукенов (60 кг) екінші айналымда қарсыластарына есе жіберді. Ал Ерлан Серікжанов (66 кг) ширек финалдық жолдаманы грузиялық балуан Важа Маргвелашвилимен сарапқа салды. Нәтижесінде екеуара кездесу Грузия балуанының еншісіне шешіліп, отандасымыз Ерлан Серікжанов жарыс жолынан шықты. Ерлан бүгінгі жарыста барлығы үш кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңіске жетті. Іріктеу кезеңінің екінші айналымында ол Зиад Аунды (IJF), үшінші кезеңінде Саини Уайлды (Үндістан) ұтқан болатын.