Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан ММА аралас жекпе-жек федерациясының Конгрессі өтті. Онда ұйымның жаңа президенті болып Алик Айдарбаев сайланды. Осыған дейін бұл лауазымды Ғалымжан Есенов атқарып келген болатын.

"Ғалымжан Есенов басшылығымен бір жыл ішінде, яғни 2018 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан ММА біріккен федерациясы халықаралық деңгейге шығу және облыстық федерацияларды біріктіру бойынша міндеттерді орындай алды. Біз өз кезегімізде ағымдағы стратегияны іске асыруды жалғастырамыз," – деп атап өтті жаңа басшы Алик Айдарбаев.

2019 жылдың мамыр айында Қазақстан құрамасы Таиландта өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, рекордты 21 медальға ие болған болатын. Дәл сол жарыста ел құрамасы әлемдік рейтингте бірінші рет үздік деп танылды. Сонымен қатар, қазақстандық спортшылар Бахрейнде өткен Әлем чемпионатында да сәтті өнер көрсетіп, 18 медаль жеңіп алды, ал ММА Қазақстан жастар құрамасы дәл сол біріншілікте екінші орынға ие болды.