Биылғы жылдың 11 сәуірінде Ресейдің Сочи қаласындағы WOW АРЕНА кешенінде Fight Nights Global 97 турнирі өтеді. Аталмыш турнир кешінде қазақстандық Дәурен Ермеков пен ресейлік Владимир Минеев орта салмақтағы чемпиондық атаққа таласады. Осыған орай, Prosports.kz тілшісі ақтөбелік сарбаздың дайындығы жөнінде өзінен сұрап білді.

- Дәурен, қайырлы кеш! Турнирге дайындығың қалай өтіп жатыр?

- Ойдағыдай, шүкір. Күн-түн демей жаттығып жүрмін. Спарринг-әріптестерім де көмегін аямайды. Клубтағы басқа да жігіттермен күш сынасып, әйтеуір қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз.

- Минеевтің әлсіз тұстарын зерттеп көрдің бе? Қай жағынан басым екен?

- Әлсіз жерін білеміз (күлді). Владимир өте қарымды ғой. Мықты тұсы – қолы мен аяғы бірдей жұмыс істейді, бұл жекпе-жек кезінде үлкен басымдық береді.

- Бапкермен бірлесіп қандай да бір тактика құрған шығарсыңдар?

- Әрине, онсыз болмайды. Бір емес, бірнеше әдіс, айла-тәсілдер ойластырып отырмыз, себебі жекпе-жек қалай өрбитінін білмейсің, кез келген жағдайға дайын болуың керек. Кейде бір соққы бәрін шешіп кетеді.

- Минеев өз жерінде ғаламат қолдауға ие болатын шығар?

- Керісінше, қысым көп болады оған. Жанкүйерлерінің алдында аса үлкен жауапкершілік бар. Соны пайдалануымыз керек. Көрерміз...

- Дәурен, осы титулға ие болсаң, қай тұжырымға жол тартасың? UFC ұйымымен келісімшартқа отырады деген сыбыс бар...

- Әлемдегі ең үздік саналатын промоушн – басты мақсатым, әрі арманым. Сол үшін Fight Nights Global 97 турнирінде тек жеңіске жетуім керек. Басқа жол жоқ.

- Жеңілсең, бәрін басынан бастауға тура келе ме?

- Иә, бір қадам артқа шегінесің. Одан кейін өзіңнің мықтылығыңды қайта дәлелдеуің керек. Сол үшін қайтсем де жеңісті қолдан бермеуім қажет.