Қазақстан чемпионатында кезекті маусымның басталуына жиырма күн қалды. Еліміздегі екі алып клуб шама-шарқы келгенше сапты күшейтіп жатыр. «Астана» шетелден шабуылшы іздеп әлек болса, «Қайратқа» «қырғыз Мессиі» келді. Prosports.kz «Астана» мен «Қайраттың» трансферлік саясатына көз жүгіртіп көрмек.

Ел чемпионы «Астана» Роман Григорчуктің жұмысына көңілі толмай, украин маманымен қош айтысты да, Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билекке тізгінді тапсырды. Қазақ футболында бұл қалыпқа айналған дәстүр. Чех бапкерінің қол астында Ұлттық құрама түрленіп сала берді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Елордалық командаға қандай жаңашылдық әкелетіні уақыт еншісінде.