Қазақстандық қорғаушы Тимур Рудосельский Беларусь елінің «Смолевичи» командасының жейдесін киюге жақын.

Бұл ақпаратты Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында ойыншының өзі растады.

«Иә, мен «Смолевичи» клубында болдым. Онда бірнеше жаттығу өкізіп, жолдастық матчтарға қатыстым. Команда бапкерлері мені бұрыннан білетін. Олар ойынымды көріп, командаға көмектесе алатыныма көз жеткізді. Отбасымды көріп, заттарымды жинау үшін Алматыға келдім. Келесі аптада Беларусь еліне ораламын, әрі келісімшартқа қол қоямын деп үміттенемін.

Маған ҚПЛ-ден бірнеше ұсыныс болды. Бірақ мансабымды шетелде жалғастыруды дұрыс деп шештім. «Смолевичи» сапына ауысу - мансабымдағы алға басқан қадамым деп есептеймін», - деді Рудосельский.

«Смолевичи» өткен маусымда Беларусь Бірінші лигасында екінші орын алып, Жоғарғы лигаға жолдамаға қол жеткізген. Рудосельский клубпен келісімшартқа қол қойса, командадағы алғашқы легионер атанады.

Айта кетейік, алматылық «Қайрат» футбол клубының түлегі Тимур өткен маусымда көкшетаулық «Оқжетпес» сапында доп тепті. Бұдан бөлек қорғаушы «Қайрат», «Жетісу» және Израильдің «Хапоэль» командаларында өнер көрсеткен.