Сербия құрамасы тұңғыш рет командалық жарыста топ жарды. Балқан түбегіндегі елге тарихи жеңісті әлемнің екінші ракеткасы Новак Джоковичтің керемет ойыны алып келді, деп жазады Prosports.kz.

Финалда Сербия әйгілі Рафаэль Надаль бастаған Испанияны 2:1 есебімен жеңді. Алғашқы матчта Роберто Баутиста екі сетте Душан Лайовичті (7:5, 6:1) ұтып, Испанияны алға шығарған.

Әлемнің бірінші және екінші ракеткалары Надаль мен Джокович кездесуінде серб саңлағы азулы қарсыласына мүмкіндік қалдырмай (6:2, 7:6), таразы басын теңестірді.

Жарыс жеңіспазы жұптық бәсекеде анықталды. Джокович/Троицки Пиреней түбегінің өкілдері Каррено мен Лопесті 6:3, 6:4 есебімен қапы қалдырды.