Чехияда өтіп жатқан шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалға жолдама алған командалар белгілі болды.

Жартылай финалда Ресей мен Швеция, Канада мен Финляндия құрамалары өзара шеберлік байқасады. Бұл ойындар 4 қаңтар күні өткізіледі. Ал 4 қаңтарда жартылай финал өткізілсе, 3 орын иегері мен чемпион 5 қаңтарда анықталады. 2019 жылы Финляндия құрамасы алтыннан алқа таққан болатын.

Әлем чемпионаты 1977 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін 6 құрама чемпиондық атаққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Канада - 17, Ресей (КСРО мен ТМД-ны қоса есептегенде) - 13, Финляндия мен АҚШ - 4, Чехия (Чехословакияны қоса есептегенде) - 3, Швеция - 2 мәрте алтын медаль алды.

Қазақстан жастар құрамасы биыл әлем чемпионатында А тобында төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Швейцариядан 3:5 есебімен жеңілген қазақстандық хоккейшілер одан кейін Словакиядан 1:3, Финляндиядан 1:7 , Швециядан 2:6 есебімен жол берді. 2 қаңтарда жұбаныш кезеңіндегі алғашқы ойынында Қазақстан жастары Германиядан 0:4 есебімен жеңілді.

Енді олар 4 қаңтарда аталмыш қарсыласын жеңуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қазақстандық жастар жоғары дивизионнан түсіп қалады.