Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) 2020 жылғы жұлдыздар матчына қатысатындар тізімін жария етті.

«Барыс» хоккей клубы мәлім еткеніндей, Мәскеуде 18-19 қаңтарда өтетін жылдың басты шоуына ҚХЛ-дың 24 клубында ойнайтын 40 ойыншы аттанбақшы.

Солардың ішінде «Барыстың» капитаны, Қазақстан құрамасының қорғаушысы, тегі канадалық Даррен Диц бар. Ол «Авангард» хоккей клубының бас бапкері Боб Хартли басшылық ететін Чернышев дивизионының намысын қорғайды.

ҚХЛ жұлдыздарын таңдау үш кезеңде жүргізілді. Алдымен оларды жанкүйерлер, содан кейін БАҚ өкілдері таңдады. Соңғы 16 хоккейшіні ҚХЛ іріктеді. Матч қарсаңында командалар МХЛ шақыру кубогының төрт үздік ойыншысымен толығатын болады.

Төрт дивизион құрамалары 18 қаңтар күні шеберлік шоуын өткізеді. Ал 19 қаңтарда матчтың өзі шағын турнир түрінде өтеді.