Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Абылайхан Жүсіпов биылғы маусымда бір рет көзге түсті. Ол жарақатына байланысты Азия чемпионатынан сырт қалып, қыркүйекте өткен әлем чемпионатында үздік үштікке енген болатын. Жүсіпов енді алдағы лицензиялық турнирлерге қарқынды дайындық үстінде.

«2019 жыл біздің команда үшін сәтті өтті. Боксшылар құрамасы Азия және әлем чемпионаттарынан алтынмен оралды. Жыл басынан бері түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, маңызды жарыстарға дайындық жүргіздік. Өзім Азия чемпионатына бара алмадым. Ал әлем біріншілігінде қола жүлдегер атандым. Бұл менің әлем чемпионаттарынан жеңіп алған екінші жүлдем. Жалпы есепте біздің команда үшінші орынға табан тіреді. Бұл да жақсы көрсеткіш. Енді біз қаңтар айынан бастап АІВА академиясында оқу-жаттығу жиынын бастаймыз. Бізбен бірге Куба, Англия сынды командалар бірге жаттығады. Мұндай тәжірибелі құрамалармен бірлесіп дайындалған соң, шеберлігіміз шыңдала түседі деп ойлаймын. Кейін бізді лицензиялық турнир күтіп тұр. Әзірге бапкерлер жолдамаға кімдердің таласатынын айтқан жоқ. Сондықтан, бәріміз де үміттіміз. Менің негізгі мақсатым - Олимпиада ойындарына жолдама алу», - дейді Абылайхан.

Айта кетелік, Абылайхан Жүсіпов Ресейде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.