Бүгін, 20 желтоқсан күні «Ақтөбе» футбол клубының кеңсесінде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов БАҚ өкілдеріне клубтың жаңа басшыларын таныстырды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бүгінгі күннен бастап ақтөбелік ұжымды Артур Смағұлов басқарады. Артур Темірланұлы «Ақтөбе» ФК Басқарма төрағасы ретінде таныстырылды. Енді бас директор лауазымы жойылып, футбол клубын басқарма басқаратын болады.

Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне клубтың бас менеджері де таныстырылды. Сербиялық Горан Белькович - Сербияда, Украина мен Ресейде жұмыс істеп келген тәжірибелі маман. Кезінде Пермьнің «Амкары» мен симферопольдік «Таврияда» қызметте болған.

Тағы бір белгілі болған жайт, жақында жаңа директорлар кеңесі жиыны өтеді. Ұжымның алдыгда тұрған бірінші міндет - қысқы ОЖЖ мен құрамның жасақталуы.

Артур Смағұлов команданың бұрынғы басшысы Самат Смақовтың клубта қала беретінін айтты. Ол алдағы уақытта басқа лауазымға ие болмақ.