Бүгін жартылай финалда Англияның «Ливерпуль» клубы Мексиканың «Монтеррей» командасымен кездесті.

Ойын барысында есепті ағылшындық клуб ашқан болатын. Ойынның 11-минутында Наби Кейта қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды. Дегенмен арада небәрі үш минут өткенде мексикалық футболшылар таразы басын теңестіріп кетті. Оны 14-минутта Рохелио Мори өзінің еншісіне жазды. Ал 91-минутта Роберто Фирмино жеңіс голын соқты. Осылайша финалға «Ливерпуль» шықты. Кеше, 17 желтоқсанда «Фламенго» клубы «Аль-Хиляль» командасын 3:1 есебімен жеңіп, финалға алғашқы болып жолдама алды. Финал 21 желтоқсанда өткізіледі.

Аталмыш доп додасы барлығы 7 команда қатысты. Олардың қатарында Мұхит аймағынан - Жаңа Каледонияның «Иенген Спорт», Азиядан - Катардың «Аль-Садд», Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль», Солүстік Америкадан - Мексиканың «Монтеррей», Африкадан - Тунистің «Эсперанс», Оңтүстік Америкадан - Бразилияның «Фламенго», Еуропадан - Англияның «Ливерпуль» командалары бақ сынап жатыр.

Бүгінгі күнге дейін барлығы 9 команда командалық әлем чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. «Ливерпуль» 2005 жылы финалға дейін жетіп, ол жолы Бразилияның «Сан-Паулу» командасына жол берген еді. Ал Испанияның «Реал Мадрид» клубы - 4, «Барселона» -3, Бразилияның «Коринтиансы» -2 мәрте, «Интернасьонал», «Сан-Паулу», Италияның «Милан», «Интернационале», Англияның «Манчестер Юнайтед», Германияның «Бавария» клубтары бір-бірден чемпион атанды.