Шығыс Қазақстан облысы Таскескен ауылында ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы Болат Тұрлыхановты еске алуға арналған дәстүрлі турнир басталды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Биыл 12-нші рет өтіп жатқан дүбірлі додаға он команда қатысуда, атап айтқанда Өскемен, Семей, Талдықорған Степногорск, Аягөз, Үржар, Жарма, Жаркент, Лепсі және Таскескеннен 200-ге жуық жасөспірім бақ сынайды.

Турнирдің ұйымдастырушылары Болат Тұрлыханұлының шәкірттері - Қанат және Қайрат Сүлейменовтер.

Ауыл спотының деңгейін биікке көтеріп жүрген азаматтар биыл да сол бағыттарынан тайған жоқ.

- Ардақты ұстазымыз Болат Тұрлыханұлыны еске алу турнирі Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Дүбірлі дода 12 жыл ішінде жас таланттардың бағын ашатын таптырмас турнирге айналды. Дарынды спортшылардың көбі ауылдан шығатынын ескерсек, мұндай шараларды жиі ұйымдастырып отыру керек, - дейді жарыстың бас демеушісі Қанат Сүлейменов.

Айта кетелік, турнир екі күнге созылып, жеңімпаздарға естелік кубоктар мен медальдар табысталады, сондай-ақ қаржылай сыйақы да беріледі.