Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Тәуелсіздік күні қарсаңында бокс саласында жеткен жетістігіне орай, «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еңбегі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Prosports.kz. Inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұйрыққа Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қол қойды. Айта кету керек, бұрын Геннадий Головкин ІІМ ішкі әскері спорттық командасының құрамында болған еді.

«Геннадий Геннадиұлы, сіз ішкі істер органдарына бөтен адам емессіз. Біздің жұмыста «бұрынғы қызметкер» деген түсінік жоқ. Ішкі істер министрлігі және мен жеке өзім сіздің кәсіпқой бокстағы теңдессіз жетістігіңізді, Қазақстанда сіз сияқты айтулы спортшының бар екенін мақтан етеміз. Жеңіске деген жігеріңіз бен шыңдалған рухыңызбен ІІМ жеке құрамына үлгі болып отырсыз. Сізге жаңа жеңістер мен жетістіктер тілейміз!», - деді Ерлан Турғымбаев, қазақстандық боксшыға медаль табыстап тұрып.

Фото ҚР ІІМ баспасөз қызметінен алынды.