Семейде қазақстандық футбол мұражайы жаңа жәдігерлермен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қаланың ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

«10 желтоқсан – Дүниежүзілік футбол күні. Атаулы күннің құрметіне Қазақстан футболының мұражайында жаңа жәдігерлер таныстырылды», делінген хабарламада.

Мұражайға 2002 жылғы «Елімай» командасының қолтаңбасы бар доп қойылды, атақты «Қайрат» ойыншысы Тимур Сегізбаевтың аты жазылған футболканы спортшының отбасы тапсырды.

«Целинниктің» 70-80 жылдардағы ойыншысы, СССР спорт шебері, қазір ҚФФ балалар-жасөспірімдер футбол департаментінің маманы Владимир Павлюк «Целинник» ойыншыларының қолтаңбасы бар 1991 жылғы допты, «Динамодан» «Жеңіске» дейін« атты кітабын мұражайға сыйға тартты.

ҚФФ ұлттық құрама командалар департаментінің басшысы Иван Азовский шара кезінде Қазақстан құрамасының қорғаушысы Сергей Малойдың ойын футболкасын таныстырды.

Мұражайдың келушілері Қазақстан құрамасының құрылу тарихымен де таныса алды. Тұсаукесерде құраманың формасы көрсетілді. Сондай-ақ, «Елімай« құрамында Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған Константин Фриденталь құрама жейдесін сыйға тартты.