Нұр-Сұлтанда Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен World Athletics басшысы Себастьян Коэ кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Елордаға танымал спорт функционері, 1980 жылғы Мәскеу және 1984 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының жеңімпазы Себастьян Коэ екі күндік іссапармен келді. Нұр-Сұлтанға сапары барысында ол бірнеше іс-шараға қатысты.

Қазақстан ҰОК пен World Athletics басшысының кездесуінде отандық жеңіл атлетиканың даму барысы және 2020 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық кезеңі талқыланды.

Сондай-ақ, жеңіл атлетикалық нысан құрылысы мен жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру жөніндегі мәселелер талқыланды.

World Athletics басшысы «Барыс-Арена» мұз сарайын аралап, жаңадан салынып жатқан «Жабық жеңіл атлетика кешенінің» құрылысымен танысты.