Ақтауда бокстан Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған ХІІ халықаралық турнир аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Турнирде топ жарған спортшылар қатарында жарақатына байланысты біраз уақыт жарыстардан сырт қалған Әбілхан Аманқұл мен Бек Нұрмағанбет бар.

Команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев турнирді қысқаша қорытындылап өтті.

«Еліміздің батысында тағы бір турнир аяқталды. Әлем чемпионатынын кейін Қазақстан командасы Нұр-Сұлтан қаласында және Голландияда оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Міне, содан кейін отандық боксшылар Ақтаудағы жарысқа қатысты.

Бұл турнирдегі ең әдемі, ең есте қаларлық жекпе-жекті Тұрсынбай Құлахмет пен Әбілхан Аманқұл өткізді. Екеуі де осы салмақтағы үздік боксшылар. Аса тартысты өткен кездесуде Әбілхан 5:0 есебімен жеңіске жетіп, жарыс жеңімпазы атанды.

Жалпы, мұндай әдемі кездесуді әлем чемпионттары мен Олимпиада ойындарында ғана көруге болады. Екеуі де шебер әрі мықты боксшы екендіктерін дәлелдеді. Бірақ спорт болған соң біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Оның үстіне, бір салмақта мұндай бәсекелетік болса, ешкім де бір орындай тұрмайды. Тек алға басады.

Әбілханнан бөлек, Азия чемпионатынан кейін аяғына ота жасатқан Бек Нұрмағанбет те қатарға қосылды. Бек көктемде өткен құрлық біріншілігінде 81 келіде топ жарған болатын. Осыдан соң ол аздап салмақ қосып алған. Сол себепті, 91 келіде бақ сынап, жеңіске жетті. Жалпы, Бектің де әлеуеті жаман емес.

Алда біздің спортшыларды тағы екі бәсеке күтіп тұр. Жыл соңына дейін Конфедерация кубогі мен Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнирге қатысамыз. Бұл додалардың барлығына да ұлттық құрама спортшылары қатысады. Осы екі турнирмен жылды қорытындылаған соң, 2020 жылдың басында өтетін бокстан лицензиялық бәсекеге қатысамыз. Ендігі мақсат – 2020 жылғы Токио Олимпиадасына мейілінше көп жолдама алу», - дейді команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.